Сөздіктің негізін ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында әзірленген AP19676988-«А. Байтұрсынұлы конкордансы қазақ-орыс параллель корпусы» (жетекшісі ф.ғ. к. Гулнур Байшукурова) электрондық қазақ-орыс параллель корпусының материалдары құрайды. А.Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалары конкорданс құрудың негізгі мәтін көзі ретінде алынды, оған « Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» сияқты тіл білімі, әдебиеттану саласындағы іргелі ғылыми еңбектері мен оқу-әдістемелік құралдардан үзінділер, таңдамалы мақалалар, хаттар, баяндамалар, сондай-ақ, ақынның өлеңдері, аудармалары енген.
Қазіргі уақытта А.Байтұрсынұлының еңбектерінің қазақ тіліндегі және орыс тіліне аударылған академиялық басылымдары бар, олар бұрынғы графикадан қазақ тілінің қазіргі жазуына сәйкестендірілген. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы өз шығармаларының кейбір басылымдарын (1914 жылдан 1928 жылға дейін) араб графикасында жазды, ол кезең қазақ жазу емлесінің қалыптасу уақыты болғандықтан, кейбір тұстарда жазуда әртүрлі нұсқалар қолданылды, бұл мәтіндер ауқымының әртектілігіне әкелді. Сонымен қатар, ғалымның көптеген шығармасы бірнеше рет кириллицаға аударылып, транслитерацияланды. Сөйтіп, басылымның біртекті болмауы графикасының авторлық және редакторлық нұсқаларының көп болуымен байланысты туындап отыр.
«Ахмет Байтұрсынов терминдерінің қазақ-орыс жиілік сөздігінде» қазақ тіліндегі 400-ге жуық термин және оның орыс тіліндегі аудармалары бар. Сөздікке оқыту әдістемесіне, лингвистикаға, әдебиеттануға және т.б. қатысты терминдер мен ұғымдар енгізілген.
Терминдер әліпби ретімен берілген. Сөздіктегі терминдер бір ғана сөзден (мысалы, ТЕРМЕ) немесе сөз тіркесінен (мысалы, КӨРНЕК ӨНЕРІ) тұруы мүмкін. Тақырыптар қою бас әріптермен берілген. Тақырыптық сөз оның бастапқы тұлғасында беріледі. Егер терминдер сөз тіркестері түрінде болса, онда олардың әліпбилік орны тіркестің бірінші сөзі бойынша анықталады.
Қазақ тілінде терминдер алдымен авторлық түсіндірмемен, яғни шығармалардағы анықтамалар мен түсіндірмелер күйінде беріледі, содан кейін қазақ тілінің терминдерінің академиялық лингвистикалық сөздіктеріне сілтеме жасай отырып, болмаса ішнара құрастырушылар тарапынан анықталған терминнің заманауи түсіндірмесі түрінде беріледі. Терминнің орыс тіліне аудармасы орыс тілінің терминдерінің академиялық лингвистикалық сөздіктеріне сілтеме жасай отырып, олардың мағынасын түсіндірумен қатар жүреді.
Сөздікке тіл білімі, әдебиеттану, лингводидактика мен оның негізгі пәндерінің (педагогика, психология және т.б.) даму деңгейін көрсететін А. Байтұрсынұлының ескі, ұмытылған терминдері мен ұғымдары енгізілген. А.Байтұрсынұлының көптеген терминге түрліше түсіндірмелері мен сипаттамалары да келтірілген. Сөздікте, сондай-ақ, жалпы қабылданған атауларға сәйкес тілдік, әдебиеттану, әдістемелік терминдер мен ұғымдардың түсіндірмелері нақтыланған.
Сөздіктің негізгі мақсаты – қазақ әліпбиі мен қазақ жазуының негізін қалаушы, ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының терминологиялық бірліктерін жүйелеу. Ахмет Байтұрсынұлы – лингвистикалық терминдерді айналымға енгізген алғашқы лингвист. Авторлар сөздік материалдары қазақ тілі мен әдебиеті, пәнді оқытудың қазақстандық әдістемесінің дамуы, оның ұғымдары мен терминдер жүйесінің байлығы туралы толық түсінік береді деп санайды.
Сөздік филолог мамандарға, оқытушыларға, әдіскерлерге, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға және оқу, ғылыми және практикалық пән ретінде әдістемеге қызығушылық танытқан көпшілікке арналған.
Ахмет Байтұрсынұлы (1872–1937) — қазақтың белгілі қоғам қайраткері, ағартушы, ақын, тілтанушы, және ғалым. Ол қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданында дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ тілін оқыту әдістемесінің және әліпбидің негізін қалаушы ретінде танымал. Оның тіл біліміне, әдебиетке және ағартушылық ісіне қосқан үлесі аса зор.
Байтұрсынұлы өзінің бүкіл өмірін қазақ халқын оқытуға және сауаттандыруға арнады. Ол 1912 жылы қазақ жазуының реформасын жасап, "Төте жазу" деп аталған араб жазуына негізделген қазақ әліпбиін ұсынды. Бұл әліпби қазақ тілін оқып-үйренуді жеңілдетіп, халықтың сауаттану деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы "Қазақ" газетін ұйымдастырып, оның бас редакторы болды. Бұл газет сол кезеңде халықтың рухани және мәдени өміріне айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар, ол қазақ әдебиетіне көптеген аударма шығармаларды қосты, мысалы, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударып, халық арасында танымал етті.
1937 жылы Ахмет Байтұрсынұлы "халық жауы" деген жалған айыппен қуғынға ұшырап, ату жазасына кесілді. Оның есімі тек 1988 жылы ақталып, Қазақстанда оның шығармашылығы қайтадан зерттеле бастады. Бүгінгі күні Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы қазақ мәдениеті мен тіл біліміне қосқан баға жетпес үлес ретінде жоғары бағаланады.