Ахмет Байтұрсынұлы терминдерінің қазақша-орысша сөздігі

Сөздіктің негізін ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында әзірленген AP19676988-«А. Байтұрсынұлы конкордансы қазақ-орыс параллель корпусы» (жетекшісі ф.ғ. к. Гулнур Байшукурова) электрондық қазақ-орыс параллель корпусының материалдары құрайды. А.Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалары конкорданс құрудың негізгі мәтін көзі ретінде алынды, оған « Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» сияқты тіл білімі, әдебиеттану саласындағы іргелі ғылыми еңбектері мен оқу-әдістемелік құралдардан үзінділер, таңдамалы мақалалар, хаттар, баяндамалар, сондай-ақ, ақынның өлеңдері, аудармалары енген.

Қазіргі уақытта А.Байтұрсынұлының еңбектерінің қазақ тіліндегі және орыс тіліне аударылған академиялық басылымдары бар, олар бұрынғы графикадан қазақ тілінің қазіргі жазуына сәйкестендірілген. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы өз шығармаларының кейбір басылымдарын (1914 жылдан 1928 жылға дейін) араб графикасында жазды, ол кезең қазақ жазу емлесінің қалыптасу уақыты болғандықтан, кейбір тұстарда жазуда әртүрлі нұсқалар қолданылды, бұл мәтіндер ауқымының әртектілігіне әкелді. Сонымен қатар, ғалымның көптеген шығармасы бірнеше рет кириллицаға аударылып, транслитерацияланды. Сөйтіп, басылымның біртекті болмауы графикасының авторлық және редакторлық нұсқаларының көп болуымен байланысты туындап отыр.

«Ахмет Байтұрсынов терминдерінің қазақ-орыс жиілік сөздігінде» қазақ тіліндегі 400-ге жуық термин және оның орыс тіліндегі аудармалары бар. Сөздікке оқыту әдістемесіне, лингвистикаға, әдебиеттануға және т.б. қатысты терминдер мен ұғымдар енгізілген.

Терминдер әліпби ретімен берілген. Сөздіктегі терминдер бір ғана сөзден (мысалы, ТЕРМЕ) немесе сөз тіркесінен (мысалы, КӨРНЕК ӨНЕРІ) тұруы мүмкін. Тақырыптар қою бас әріптермен берілген. Тақырыптық сөз оның бастапқы тұлғасында беріледі. Егер терминдер сөз тіркестері түрінде болса, онда олардың әліпбилік орны тіркестің бірінші сөзі бойынша анықталады.

Қазақ тілінде терминдер алдымен авторлық түсіндірмемен, яғни шығармалардағы анықтамалар мен түсіндірмелер күйінде беріледі, содан кейін қазақ тілінің терминдерінің академиялық лингвистикалық сөздіктеріне сілтеме жасай отырып, болмаса ішнара құрастырушылар тарапынан анықталған терминнің заманауи түсіндірмесі түрінде беріледі. Терминнің орыс тіліне аудармасы орыс тілінің терминдерінің академиялық лингвистикалық сөздіктеріне сілтеме жасай отырып, олардың мағынасын түсіндірумен қатар жүреді.

Сөздікке тіл білімі, әдебиеттану, лингводидактика мен оның негізгі пәндерінің (педагогика, психология және т.б.) даму деңгейін көрсететін А. Байтұрсынұлының ескі, ұмытылған терминдері мен ұғымдары енгізілген. А.Байтұрсынұлының көптеген терминге түрліше түсіндірмелері мен сипаттамалары да келтірілген. Сөздікте, сондай-ақ, жалпы қабылданған атауларға сәйкес тілдік, әдебиеттану, әдістемелік терминдер мен ұғымдардың түсіндірмелері нақтыланған.

Сөздіктің негізгі мақсаты – қазақ әліпбиі мен қазақ жазуының негізін қалаушы, ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының терминологиялық бірліктерін жүйелеу. Ахмет Байтұрсынұлы – лингвистикалық терминдерді айналымға енгізген алғашқы лингвист. Авторлар сөздік материалдары қазақ тілі мен әдебиеті, пәнді оқытудың қазақстандық әдістемесінің дамуы, оның ұғымдары мен терминдер жүйесінің байлығы туралы толық түсінік береді деп санайды.

Сөздік филолог мамандарға, оқытушыларға, әдіскерлерге, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға және оқу, ғылыми және практикалық пән ретінде әдістемеге қызығушылық танытқан көпшілікке арналған.

Құрастырушылардан

Сайт домені: https://baitursynuly-corp.kz/ 

“А.Байтұрсынұлы мәтіндерінің қазақша-орысша параллель корпусы” сайты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті тарапынан 2023-2025 ж. гранттық қаржыландырылған “АР19676988 А. Байтұрсынұлы конкордансы: Қазақша-орысша параллель корпус” ғылыми жобасы (жоба жетекшісі - Г.Ж. Байшукурова)  нәтижесінде әзірленді.

 Бұл сайт Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін қазақ және орыс тілдерінде параллель ұсынатын электронды мәтіндік база. Сайтта автордың шығармалары, сөздік, сөзқолданыс картотекасы, мақалалар және корпус статистикасы сияқты бөлімдер бар. Сайт толық ашық  режімде қолжетімді. Корпус пен конкорданс функционалы жұмыс істейді; пайдаланушылар нақты деректермен жұмыс істей алады. Бұл кезеңде технология апробациядан өткен және нақты қолдануға жарамды. Оқу процесінде  де апробациядан өткен.

 Бұл ресурс тіл мамандарына, әдебиеттанушыларға, студенттер мен зерттеушілерге мәтінді салыстырып оқуға және талдауға мүмкіндік береді.

Сайттың автор-әзірлеушілері:
Г.Ж. Байшукурова, Н.Н. Аитова, Н. Ербосын, А.Б. Иргебаева, С.К. Серикова, А.Б. Умарова.